КӘСІБИ БАҒДАРДЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
КӘСІБИ БАҒДАРДЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
Әрбір он жыл сайын әлемде тың жаңа мамандықтар пайда болады. 21-ғасырда жаңа мамандықтардың пайда болуы жаппай жұмыссыздықпен, бос орындардың тапшылығымен, жаңа технологиялардың қарқынды дамуымен және де жаһандық компьютерлендірумен тікелей байланысты. Осы орайда қазақстандық қоғамның қазургі даму жағдайында мектеп оқушыларының кәсіби бағдары өзекті мәселелердің біріне айналды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі № 460 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Жалпы білім беретін мектептерде оқушылар ерте кәсіби бағдарлау мақсатында кәсіби бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтау процесіне жұмыс берушілер мен ата-аналар белсенді қатысады. Орта білімнің маңызды бөлігі 7 және 10-сыныптардың әр оқушысын жыл сайын кәсіптік диагностикалау және еңбек нарығында қажетті мамандықтарға бағдарлау болуы қажет» (ҚР Үкіметінің Қаулысы //Электронды ресурс https://egov.kz/cms/ru/law/list/P1800000460),- деп мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудің өзектілігі нақты айқындалған.
Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына 4-қосымша) 2-тарауының 7-ші және 9-шы тармақтарында мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын қалыптастыруға басты назар аударылған. Нақты атап айтқанда:
7. Жалпы орта білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдыларды дамыту негізінде білім алушылардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы және кәсіби өзін-өзі анықтауы үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады, яғни:
1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
2) сын тұрғысынан ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін қолдану;
6) топта және жеке жұмыс жасау білігі;
7) мәселелерді шешуі және шешім қабылдау.
9. Жалпы орта білім берудің негізгі міндеттері:
4) бітірушілерге олардың мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби өзін-өзі анықтауына көмектесу;
5) бітірушілерге өмір бойы білім алуын жалғастыруға оң көзқарасының, өмірде мансаптық өсуі мен танымдық процесін реттеуге даярлығының қалыптасуына көмектесу болып табылады (МЖМС).
Жоғары нормативтік-құқықтық құжаттарға жасалған шолудан кәсіби білім беру сапасын жетілдіру және қоғамдық сұраныстарға жауап беретін маман даярлау проблемасы үлкен мәнге ие екендігін көруге болады.
«Кәсіби бағдар» алғаш рет жеке ұғым ретінде 20-ғасырдың басында Америка Құрама Штаттарында пайда болды. Кәсіби бағдар мәселесінің негізін қалаушы 1908 жылы Бостонда «Мамандық таңдау бюросын» құрған және мамандық таңдауға ғылыми тәсілді қолданған американдық зерттеуші Френк Парсонс. Парсонстің «Мамандық таңдау» атты еңбегі оның дүниеден өткеннен кейін 1909 жылы жарыққа шығып, американдық профориентаторлардың басты құралына айналды. «Талант-бағдарланған тәсілдеме» («talent-matching approach») термині мен «ерекшелік-фактор» тұжырымдамасы осы авторға тиесілі (Толстогузов С.Н., 2015).
Кәсіби бағдар – білім алушының кәсіби қызығушылығына, жеке қабілеттері мен психофизиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім алудағы және кәсіби саладағы мүмкіндіктерді, мамандықты және оқу орнын еркін әрі саналы түрде таңдау құқықтарын іске асыруда ақпарат беру және консультациялық көмек көрсету.
Кәсіби бағдарлау:
1) кәсіби ағарту – әртүрлі мамандықтардың әлеуметтік-экономикалық және психофизиологиялық ерекшеліктері туралы адамның белгілі білім (ақпарат) жиынтығымен қарулануы; олардың бірін дұрыс таңдау шарттары туралы; адамның кәсіби және қоғамдық қызмет түрлеріне оң көзқарасын тәрбиелеу; уәжделген кәсіби ұмтылысын қалыптастыру. Кәсіби ағарту екі элементті құрайтын ақпараттан тұрады: кәсіби насихат және кәсіби үгіт – қажетті мамандықтар туралы адамға мәліметтерді хабарлау және сол мамандықтарды игеру шарттары мен тәсілдері туралы ақпараттандыру, республикаға, өңірлерге қажетті әлеуметтік маңызы бар әрі тапшы мамандықтарды насихаттау;
2) кәсіби диагностика – кәсіби бағдар тестілер әдістемесін қолданып адамның тұлғалық ерекшелігіне немесе таңдауына жақын келетін мамандықтарға сәйкестігін анықтау мақсатында оның тұлғасын, қызығушылығын, қабілетін, бейімділігін зерделеу;
3) кәсіби консультация – қоғам сұранысы мен жеке тұлғалық қасиеттерінің мүмкіндіктеріне сай мамандық таңдауда, кәсіби мансапты жоспарлауда көрсетуге негізделген кәсіби бағдар жүйесінің құрамдас бөлігі; адамның дара ерекшеліктерін ұзақ зерделеу негізінде кәсіби өзіндік анықталуын дамыту бойынша адам қызметін мақсатты басқару. Кәсіби консультация кеңес алушының зияткерлік, физикалық, психологиялық ерекшеліктерін, жалпы және кәсіби дайындық пен қызығушылықтарын, бейімділіктері мен қабілеттерін, қандай да бір мамандық бойынша қызметкерге қойылатын медициналық және психологиялық талаптарды, мамандыққа қоғамдағы сұранысты, мамандық бойынша оқыту мен жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі;
4) кәсіби іріктеу – нақты еңбек түріне адамның жарамдылығын (сәйкестігін) анықтау;
5) кәсіби жарамдылық - еңбектің қолайлы тиімділігіне қол жеткізу үшін қажетті зияткерлік, физикалық, психологиялық қасиеттер, сондай-ақ арнайы құзыреттіліктердің жиынтығы. Мысалы, әскери қызметке соғыс және бейбіт жағдайында қажетті құзыреттіліктер әртүрлі. Сонымен қатар кәсіби жарамдылық ұғымына еңбек процесін және оның нәтижелерін бағалауда адамның өзіндік уайымдарының қанағаттануы жатады. Нақты бір қызмет бойынша кәсіби жарамдылық белгілі бір психологиялық, психофизиологиялық, антропологиялық, медициналық және басқа өлшемдерге байланысты негізделеді. Кәсіби жарамдылық деңгейін анықтау үшін әртүрлі диагностикалық құралдар қолданылады: жетістік тестілері, кәсіби маңызды психофизиологиялық және психологиялық қызметтерді тестілеу, мотивацияны, құндылық бағдарды зерделеу тестілері т.б. Кәсіби жарамдылық деңгейін анықтау тек қабілетті зерттеу тестілерімен шектелмеуі қажет.
6) кәсіби бейімделу – адамның өндіріске, жаңа әлеуметтік ортаға, еңбек шарттары мен нақты мамандық ерекшеліктеріне бейімделудің белсенді процесі арқылы іске асырылады.
«Қаламаған мамандықпен айналысамын деп бекерге жаныңды қинаудың қажеті жоқ. Мамандықты да құрғақ есеппен емес, махаббатпен іске асырған жөн …» Харуки Мураками |
Оқушылардың кәсіби бағдар мәселесіндегі ерекше орын білім алушының үнемі мектепте айналысатын оқу-тәрбие процесіне тиесілі. Оқу процесіндегі кәсіби бағдар – оқушыларға оқу процесі барысында мамандықтар туралы кеңес беру және оларды ақпараттандыру. Мектеп оқушыларының қызығушылықтары мен икемділіктерінің деңгейі нақты оқу әрекетіне тікелей тәуелді. Жалпы білім беретін пәндердің оқу материалының мазмұны кәсіби бағдар беру мақсатында қолданылуы мүмкін. Мұғалім оқушыларға пән бойынша білім беруде мамандықты табысты игеруге қажетті білімді түсіндіреді. Мектеп оқушылары биология, химия, физика, тарих, қоғамтану, әдебиет пәндері бойынша сабақтар барысында мамандықтар туралы негізгі ақпараттармен, еңбек ету жағдайымен, қоғамдағы орнымен, маңыздылығымен танысады. Әр оқу пәні мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру міндетін шешуде сол пән шеңберіндегі мүмкіндіктер мен құралдарды қолданатыны түсінікті жайт. Егер физиканы, химияны, биологияны оқытуда пәндердің оқу материалы мазмұнымен қатар мамандықтардың сипатын ашуға бағытталса, қоғамтану, әдебиет, экономиканы оқытуда адамның таңдаған мамандығы бойынша өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін жүзеге асыру мен өзін-өзі таныту мүмкіндіктері, еңбек, өндіріс, еңбекақыны ұйымдастыру секілді мәселелерге басымдылық беріледі. Осы және басқа да ұғымдарды оқу пәндерімен қатар түсіндіру оқушының кәсіби өзін-өзі анықтауына тікелей қатысы бар және кәсіби бағдар мәселесін шешуге көмектеседі.
Бұл ретте әрбір оқу пәнінің шеңберінде кәсіби бағдар, мамандық туралы берілетін ақпаратты іріктеуде сол пәннің мазмұндық және пәндік ерекшелігін ескеру өте маңызды болып табылады.
Мектепте оқылатын жекелеген кейбір пәндер барысында кәсіби бағдар туралы мәлімет беруді «қолайсыз» деп санайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай пәндер қатарына «математиканы» жиі жатқызады. Дегенменде бұл мұғалімнің оқу материалын өмір құбылысымен байланыстыра алу шеберлігімен байланысты.
Мұғалім оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда жетекші рөл атқарады: оқушылардың болашақ кәсіби қызметіне, мамандығына психологиялық дайындық, кез келген мамандықты таңдауға қажетті жауапкершілік пен еңбекті құрметтеу сезімдерін тәрбиелеу. (А.Я.Журкина, 2014).
Кәсіби өзін-өзі айқындау – жеке тұлғаның кәсіби қызметке деген көзқарасын қалыптастыру процесі мен тұлғалық және әлеуметтік-кәсіби қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы жүзеге асыру тәсілі; қоғамда қалыптасқан кәсіби іс-әрекет критерийлеріне қатысты өзін анықтау.
Кәсіби өзін-өзі айқындау – бұл адамның өмір мен еңбек жолын қамтиды сондықтан да өмірде өзін-өзі айқындаудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады, яғни қоғамның әлеуметтік құрылымында белгілі бір орынды иелену, сол немесе басқа әлеуметтік топқа ену, белгілі бір өмір салтын, еңбек ету саласын және нақты мамандықты таңдау. Бұл тұрғыда тұлғаның кәсіби өзін-өзі айқындауы әлеуметтік, адамгершілік, отбасылық өзін-өзі айқындау мәселелерімен мәндес қарастырылады.
Кәсіби өзін-өзі айқындаудың теориялық негізі тұлғаның өзін-өзі айқындауының жалпы процесімен, тұлға әрекетіне ішкі шарттары арқылы сыртқы жанама әсерлердің, осы қадамға жоғары өзіндік жауапкершілікпен таңдау жасап өзін-өзі шектеумен, тұлғаның кәсіби қалыптасуымен, өзін тұлға ретінде жүзеге асыратын және оның тұлғалық қасиеттерінің бейнесі ретінде көрініс тапқан қауымға қатынасы бойынша адамның белсенді ұстанымымен т.б. өзара байланысты.
Кәсіби өзін-өзі айқындау – көпқырлы процесс. Келесі тәсілдер арқылы жүзеге асыру арқылы қолданылады: әлеуметтік тұрғыда – кәсіби өзін-өзі айқындау тұлғаның алдына қоғам тарапынан қойылған міндеттер ретінде қарастырылады; әлеуметтік-психологиялық тұрғыда – кәсіби өзін-өзі айқындау қоғам қажеттіліктері мен тұлғаның жеке қалауының келісімі бойынша кезең – кезеңмен шешім қабылдау процесі ретінде қарастырылады; дифференциалды-психологиялық тұрғыда – кәсіби өзін-өзі айқындау кәсіби іс-әрекеттің бөлігі болып табылатын өмірдің дара стилін қалыптастыру процесі ретінде қарастырылады.
Жастардың кәсіби өзін-өзі айқындауы өзара байланысты кезеңдерден тұрады:
1. Мектепке дейінгі кезең – балаларда адамдардың еңбегіне және олардың айналысатын әрекетіне деген жағымды қатынасының көрінісі. Демек, балада кәсіби әлемге деген қатынасы, кәсіби әлемге қарым-қатынас, алғашқы еңбек білігі оған қол жетімді қызмет түрлерінде қалыптастырудан басталады.
2. Бастауыш сыныптарда (пропедевтический) – кіші мектеп жасындағы оқушыларының еңбекке деген адал ниетін оятады, еңбектің адам және қоғам өміріндегі рөлін, түсінеді, ата-аналарының мамандықтарына қызығушылықтарын білдіреді т.б. Осының барлығына балалардың танымдық, ойын, еңбек, қоғамға пайдалы қызметтің алуан түрлеріне қатысуы ықпал етеді.
3. Негізгі мектептің бірінші сатысы (V–VII сыныптар) – жеткіншектерде кәсіби ниеттер пайда болады, олар мамандық таңдауға байланысты өз мүдделерін, қабілеттері мен қоғамдық құндылықтарын бірте-бірте түсіне бастайды. Осының барлығы жетекші танымдық және еңбек әрекеттерінде жүзеге асады.
4. Негізгі мектептің екінші кезеңі (VIII–IX сыныптар) – бұл кезеңде мектеп оқушыларының кәсіби сана-сезімі дамиды, оларда мамандық таңдаудың тұлғалық мәні пайда болады, өз идеялары мен нақты мүмкіндіктерін болашақ қызмет саласын таңдаудың қоғамдық мақсаттарымен байланыстырады; бұл кезеңде оқушыларды белсенді танымдық және еңбек әрекетіне баулиды, оларға мамандық таңдаудың ғылыми негіздерін зерделеуге, диагностика мен өзін-өзі диагностикалау әдістерін меңгеруге қолдау көрсетеді.
5. Жалпы орта білім беру мекемелерінде оқу (мектеп, гимназия, лицей) - жекелеген оқу пәндерін тереңдетіп оқыту негізінде кәсіби бағдарлау жүзеге асырылады, кәсіби маңызды қасиеттердің қалыптасуына назар аударылады; оқушыларға өзін-өзі дамытуға және таңдаған кәсіби қызметіне өздігінен дайындалуға көмек көрсетіледі.
6. Мамандықты меңгеру – бұл колледждерде және жоғары оқу орындарында оқу процесі; осы кезеңде кәсіби мамандарды даярлау аяқталады.
7. Кәсіби іс-әрекет - біліктілікті арттыру, сондай-ақ басқа кәсіби қызметке қайта бағдарлау. (В.И.Коваль, Т.А.Родионова, 2014).
Кәсіби бағдар жұмысының негізгі қағидаттары, мақсаты мен міндеттері
Мектептегі кәсіби бағдар жұмысына барлық ұжым болып кіріскенде және бірқатар қағидаттарды ұстанғанда ғана тиімді болатынын ескеру маңызды:
- Жүйелелік және сабақтастық – кәсіби бағдар жұмысы тек жоғары сынып оқушыларына ғана жүргізілуімен шектелмеуі тиіс. Бұл бастауыш сыныптан басталып мектепті бітіргенше үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
- Оқушылардың жас ерекшелігіне, олардығ мамандыққа және еңбекке деген қызығушылықтарының қалыптасуы мен сабақ үлгерімінің деңгейіне, өмірлік жоспарлары мен құндылық бағдарларының айырмашылықтарына сай саралау және даралау.
- Оқушылар мен олардың ата-аналары арасында жүргізілетін кәсіби бағдар беру жұмысының жаппай, топтық және жеке формаларының оңтайлы үйлестіру.
- Мектептің, отбасының, кәсіби оқу орындарының, жастарға кәсіби бағдар беру орталықтарының, қоғамдық/кәсіби жастар ұйымдарының, әлеуметтік серіктестердің өзара байланысы.
- Кәсіби бағдар жұмысының өңір және елдегі еңбек нарығымен байланысы (қоғамдағы маман қажеттілігімен табиғи бірлігі).
Мектептегі кәсіби бағдар жұмысының мақсаттары:
- Оқушылардың еңбекке деген саналы қатынасын, тұлғалық ерекшеліктерін, қабілеттері мен қызығушылықтарын және өңір мен елдегі еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, қызмет саласын таңдау еркіндігі шеңберінде кәсіби өзін-өзі айқындауын қалыптастыру.
- Оқушыларға кәсіби бағдар беруде болашақ мамандығы мен оқыту бейінін таңдауға, сонымен қатар болашақ кәсіби мансабын жоспарлауға қолдау көрсету.
Кәсіби бағдар жұмысының негізгі міндеттері:
- Оқушыларды оқыту бейіні бойынша бөлу үшін олардың бейімділіктері, қабілеттері, қызығушылықтары туралы объективті мәліметтер жинау;
- Элективті курс сабақтары мен тәрбие жұмысында қолданылатын оқытудың кешенді және дәстүрлі емес формалары мен әдістері есебінен бейіндік оқытудың вариативтілігінің кең ауқымын қамтамасыз ету;
- Жұмысқа орналасу қиындығын болжауға оңай болатын кейбір оқушылар топтарына яғни, түзету мектептері мен сынып оқушыларына қолдау көрсету;
- Жоғары сыныптар арасында қосымша және кәсіби білім беру мекемелерімен, өңірлік кәсіпорындармен ынтымақтастықтың икемді жүйесін әзірлеу;
- Ата-аналарды мектеп оқушыларының бойында өмірдің әртүрлі салаларына деген өмірлік қызығушылықтарын кеңейту, басым қызығушылықтарын қалыптастыру мен кәсіби бағдар беру жұмысына жұмылдыру;
- Өңірлік еңбек нарығында жоғары қажеттілікке ие мамандықтарды насихаттау үшін кәсіби бағдар және еңбек нарығы саласындағы ұйымдарымен ынтымақтастық (Методический комплекс ТОО «Нур-Багдар» ..., 2013.)